15:59, 30 Наурыз 2010 | GMT +5
Еліміздегі 10 мыңға жуық сәбиге церебральды сал ауруы диагнозы қойылған
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Статистика деректері бойынша, Қазақстанда 44 574 мүгедек бала есепте тұр, бұл еліміздегі бүлдіршіндердің 1,2 пайызын құрайды.
Олардың ішінде 10 мыңға жуығына церебральды сал ауруы (ЦСА) диагнозы қойылған. Бұл жайында Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықова бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында Қазақстандағы мүгедек балалар мәселелері талқыланып, ЦСА диагнозы қойылған балалардың қимыл-қозғалысын сауықтырудағы жаңа қадамдар қарастырылды.
«Осы кезге дейін балалардың церебральды сал ауруы ең ауыр және емі жоқ туа бітті дерт деп саналып келген. Бірақ қазіргі медицина таңғалаларлық істер жасауда. Әдістемелік тәсілдер қолдану арқылы емдеген жағдайда, балалардың ЦСА салдарынан пайда болған ақауларын түзетіп, қандай да бір дәрежеде қоғамда өмір сүруіне бейімдеуге болады», дейді А.Садықова.