Еліміздегі 100-ге тарта компания энергоаудиттен өткізілуде - А. Рау

«Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының 59-ы қадамында энергосервистік келісімшарттарды жасай отырып, энергия үнемдеу саласына инвесторлар тарту жүктелген болатын. Энергия үнемдеу мәселесі кез келген елдің экономикасы үшін аса маңызды, бәсекеге қабілеттілік құрамдасы болып табылады. Жалпы алғанда, бірінші бесжылдық аясында Мемлекет басшысының энергия үнемдеуге қатысты жүктеген тапсырмаларын орындауға кірістік. Тарихта тұңғыш рет энергия үнемдеуге мақсатты түрде кірістік десек те болады. Мәселен, бірінші бесжылдықта Елбасы ішкі жалпы өнімдегі энергиялық сыйымдылықты он пайызға төмендетуді тапсырды, бұл міндет артығымен орындалды. Макроэкономикалық көрсеткіштер арқасында ІЖӨ өсімінің энергоресурстарды төмен деңгейде тұтыну нәтижесінде бұл көрсеткішті 18 пайызға дейін төмендеттік», - деді А. Рау.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда жаңадан іске қосылып жатқан нысандар энергия тиімділігін арттырудың барлық стандарттарына сай атқарылып, энергия үнемдеу қондырғылары жоспарға сай орындалып келеді. Ең бастысы Альберт Раудың айтуына қарағанда, бірінші бесжылдықта энергия үнемдеудің жан-жақты жүйесі қалыптасты.
«Бұл үшін мемлекеттік энергетикалық реестр жүргізіле бастады, оған барлық мемлекеттік мекемелер мен қоса жылына 1 500 тонна отын тұтынатын 7 мыңнан астам субъектілер енгізілген. Бұл нысандар өздерінің өнімдері үшін қанша энергия ресурсын тұтынып отырғанын көрсетулері шарт.
«Мемлекеттік реестрге енгізілген субъект энергия тиімділігі аудитін өткізуі керек. Бүгінгі күні ондай аудит өткізетін институт қалыптасты. Қазіргі таңда шамамен 100 компания аккредитациядан өтіп, энергоаудит жүргізуге көшті. Энергоаудит негізінде әрбір компания өзінің алдағы жоспарларын қалыптастыруға міндетті болады», - деді Альберт Рау.