Еліміздегі 210-ға жуық кәсіпорынның жұмысшыларға берешегі бар ? апталық брифинг
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокуратура органдары сәуірдің 8-і мен 14-і аралығында 2 мыңға жуық жұмысшылардың 128 миллион теңге жалақыларын өндіріп берді.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кезінде Бас прокуратура өткен жылдың қараша айынан бастап еңбекшілердің құқықтарын қорғау және олардың жалақыларын уақытында өндіріп беру мәселелерін ұдайы бақылауда ұстап отыратындығын мәлімдеген болатын. «Осы уақыттан бастап есептесек, біз 39 мың жұмысшының 2,9 миллиард теңгеге жуық қаржысын өндіріп беріппіз. Бұл бағытта қазір қарқынды шаралар атқарылуда. Біздің қолда бар деректеріміз бойынша қазір елімізде 210-ға жуық кәсіпорынның жұмысшыларға берешегі бар. Ол қаржы 2 миллиард 35 миллион теңгені құрайды. Бүгінде жұмысшыларға қарыз мекемелердің қатары азайып та отыр», - деді ресми өкіл. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жалақыларға байланысты арыздар негізінде 4 қылмыстық іс қозғалып, оның біреуі бойынша кінәлі азамат сотталған. Ал екі іс бойынша азаматтардың өзара келісімге келуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.