Еліміздегі 6 жасқа дейінгі балаларға полимиелитке қарсы вакцина егілді

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Еліміздегі 6 жасқа дейінгі балаларға полимиелитке қарсы вакцина егу жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Бұл жайында бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында эпидемиялық мониторингтің мамандары айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздегі 6 жасқа дейінгі балаларға полимиелитке қарсы вакцина егілді

Мамандардың айтуынша 6-10-шы қыркүйек аралығында бүкіл Республика бойынша 1 миллион 600 мыңнан аса бала осы екпемен қамтылған. Алматы қаласы бойынша 99,3 пайыз бала қамтылып, 120 мыңнан аса бала полимиелит сырқатына қарсы егілген.

Бұл іс-шараны жүргізу барысында емдік мекемелер, оның ішінде балалар емханаларының әрбір егу бөлімшелерінде үш маманның қатысуымен жұмыс атқарылып, жергілікті әкімшілік, денсаулық сақтау Басқармасы тарапынан көмек көрсетілген.

Санитарлық эпидемиялогиялық сараптама және мониторингті республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының бөлім меңгерушісі Айнагүл Қуатбаева сонымен қатар халық арасында жұртшылықты осы егуге шақыру, оның қажеттілігін түсіндіретін үгіт, насихат жұмыстары да белсенді жүргізілгендігін айтады. "Бұл шара Тәжікстан мемлекетіндегі полимиелит індетінің шығуына орай оның алдын-алып, елімізде тарап кетпесі үшін жүргізіліп отыр. Бұл вирус шақыратын індет болып табылады. Бірақ мемлекетімізде мұндай сырқатқа ұшыраған оқиға 1995 жылы тіркелген болатын. Мұндай жаппай бір мезгілде қомақты балалар санын егу жұмыстары сол 1995-1997 жылдары жүргізілген еді. Өйткені 1990-1995 жылдары жылына осындай індет бойынша 1-2 жағдай тіркеліп отырған. Сол уақыттағы егудің нәтижесінде еліміз осы полимиелит науқасын шақыратын вирустан арылып, оның таралуы мемлекет аймағында тоқтатылған және 2002 жылдан бастап республикамыз осы сал ауруынан таза деген дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ұсынылып, оған ие болған еді", дейді А.Қуатбаева.

А.Қуатбаева осы індетке қарсы Белгиялық вакцина өндіруші орындарымен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы вакцина арзанға түскендігін айтады. "Бұл вакцинаның дозасы 57 миллион теңгеге алынып отыр. Бұл балалар арасында бұрыннан кең түрде қолданып келе жатқан вакцина болып есептелінеді. Вакцинаның кері әсері өте төмен, яғни қарама-қарсы көрсеткіштері аз", деп атап өтті өз сөзінде Айнагүл Қуатбаева.

Осы жұмысты жүргізу барысында республика бойынша 6591 егу бөлімшелері ұйымдастырылған. Сондай-ақ көлік пен жол мәселесі туындаған елді-мекендерге жылжымалы егу бригадалары да ұйымдастырылған.

Алматы қаласы бойынша санэпидемиялық қадағалау бөлімінің бастығы Сәуле Нұрғалиева Тәжікстаннан келген отбасыларды анықтап, соның нәтижесінде 6 балаға егу жұмыстарын жүргізгендігін айтады. «Қалалық полицияның көмегімен шеттен жұмыс іздеп келген отбасыларды тіркеп, балаларын тексеруден өткіздік. Қазір мұндай балалар біздің бақылауымызда тұр», дейді С. Нұрғалиева