Еліміздегі алаяқтық фактілердің басым бөлігін жылжымайтын мүлікпен жасалатын заңсыз әрекеттер құрайды

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстандағы алаяқтық фактілердің басым бөлігін жылжымайтын мүлікпен жасалатын заңсыз әрекеттер құрайды.

Еліміздегі алаяқтық фактілердің басым бөлігін жылжымайтын мүлікпен жасалатын заңсыз әрекеттер құрайды

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның айтуынша, мысалы, Алматы қаласында «Данель риелти» риелторлік фирмасының директоры Масенов пен оның орынбасары Сыдықовтың қылмыстық қызметі әшкереленді. Олар нақты қожайындарына білдірмей, жалған құжаттармен қозғалмайтын мүлікті алдап сату арқылы 48,6 млн. теңгені иеленіп кеткен. «Масенов пен Сыдықов мүлкін тәркілеумен сәйкесінше 8,6 және 7,6 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», деді ресми өкіл.

М. Жұманбайдың сөзіне қарағанда, Астана қаласында азаматша Набина 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ипотекаға пәтерлер рәсімдеп беремін деген жалған сөз арқылы азаматтардың 35,5 млн.теңгесін иемденіп алған. Сондай-ақ Астанада Әбілғазин 5 жылға сотталды. Ол кіші отбасы нұсқасындағы бөлмелерді сатып алуға көмектесемін деген алдау арқылы 8 азаматтың 47 мың 700 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын ұрлаған.