Еліміздегі алғашқы тампонажды цемент зауыты пайдалануға берілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұңғыш тампонажды цемент зауыты пайдалануға берілмек. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өнімін шығаратын зауыт ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында іске қосылады. Бүгінде нысанның барлық құрылысы аяқталып, жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде және ол белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылады», - деді аймақ басшысы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Жоба 2015-2019 жылдарға арналған ҚР индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда Облыс басшысының айтуынша, аталған кәсіпорында 260-тан астам адам жұмыс істейтін болады.
«Тампонажды цемент мұнай-газ және атом өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Әсіресе, апатты және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде таптырмас зат. Бұдан басқа, шығарылатын өнім қатты аязға, суға және коррозияға қарсы төзімді, цементтің тағы бір маңызды сипаттамасы 10-12 сағатта кебеді», - деді ол.