Еліміздегі АМСК ұйымы ғимараттарының 55 пайызы тозған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикадағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары ғимараттарының тозуы 55 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі АМСК ұйымы ғимараттарының 55 пайызы тозған

«Толықтай алғанда, республикадағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары ғимараттарының тозуы 55 пайызды құрайды. Бұл ретте ғимараттардың ең жоғары тозуы Ақмола облысында – 79, Солтүстік Қазақстан облысында – 75, Шығыс Қазақстан облысында – 71, Батыс Қазақстан облысында – 69, Атырау облысында – 65 және Қызылорда облысында 59 пайызды құрайды», - деді министр.

Алексей Цойдың айтуынша, 2020 жылы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалы жоспарына сәйкес, 197 амбулаторлық-емханалық ұйым нысанын салу жоспарланған. Оның 63-і ғана салынды, 134-і салынған жоқ. Оның ішінде Алматы облысында - 75, Түркістан облысында – 15, Қарағанды облысында - 10, Ақтөбе облысында – 8, Қызылорда облысында 9 нысан салынбады.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары 1,5 млн-нан астам бірлік медициналық техникамен қамтамасыз етілген. Бұл ретте жабдықталу 76,6, ал тозу 49 пайызды құрайды. Медициналық техникамен төен жабдықталу Солтүстік Қазақстан облысында – 55, Қостанай облысында - 57, Шымкент қаласында – 72, Ақмола облысында – 74 және Ақтөбе облысында 73 пайызды құрап отыр», - деді ол.