Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға 410 миллиард теңгеге тарта қаржы салынды
күйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлеуметтік экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің жұмыстарын жандандыру қажет.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміздің аумағында 6 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 2 индустриялық парк құрылғанына тоқталған С. Ахметов, «жалпы бүгінде үш арнайы экономикалық аймақтың аумағында 167 жоба жүзеге асырылды. АЭА-ларды құруға және дамытуға салынған жалпы бюджеттік инвестицияның көлемі 410 миллиард теңгеге тарта қаржыны құрады. Осы орайда мен арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің жұмыстарын жандандыруды қажет деп санаймын», деді.
Үкімет басшысының орынбасары шағын кәсіпорындар мен ірі кәсіпорындардың ықпалдастығы жете әзірленген бағдарламалардың базасында жүзеге асырылуы қажет екенін, сондай-ақ оны әзірленіп жатқан Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында қарастыру керектігін айтып өтті.