Еліміздегі әскери бөлімдерде Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған іс-шаралар өтуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдерінде жаппай салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Әскери қызметшілерге мемлекеттілігіміздің құрылуы туралы тарихи деректі фильмдер көрсетілуде, көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, театрланған қойылымдар мен мерекелік концерттер өткізіліп жатыр.
Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасында «Қазақ батырларынан бастап ғарыш кейіпкерлеріне дейінгі» атты конференция өтті. Авиаторлар әйгілі қазақстандық тарихшы, мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғановпен кездесті. Профессор офицерлерге бүгінгі реформалаудың барлық салаларындағы, оның ішінде әскери саладағы жетістіктер еліміздің ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты екенін атап өтіп, XVII-XVIII ғасырлардағы қазақтың мемлекеттік билігінің тарихи ережелерін егжей-тегжейлі айтып берді.
Әуе қорғанысы күштерімен қатар, Аэроұтқыр әскерлері мен Әскери полициясы бас басқармасында Қазақстан тарихындағы атаулы күнге орай іс-шаралар дайындалды. 68665 әскери бөлімінің 400-ге жуық әскери қызметшісі, сондай-ақ 50 әскери полиция ауқымды флешмобқа қатысады. Флешмобты Астанадағы жаңа мұз айдыны сарайында 11 қыркүйекте өткізу жоспарлануда. Ол көз тартарлық және ауқымды іс-шара болады деп күтілуде.