Еліміздегі әуе кемелерінің қауіпсіздігі сын көтермей тұр - прокуратура

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың 5 айында Орталық көлік өңірі аймағында әуе ұшақтарының 9 апатты жағдайы орын алды. Олардың 7-уі құрастыру өндірісі саласының кемшіліктеріне байланысты орын алса, 2-уі адам факторлары салдарынан болған.

 Еліміздегі әуе кемелерінің қауіпсіздігі сын көтермей тұр - прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өткен арнайы мәжіліс барысында Орталық көлік прокуратурасының бөлім прокуроры Кенел Құлышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол келтірген деректерге қарағанда, 2009 жылдың 12 айында 12 әуе көліктерінің апатты жағдайы орын алып, олардың 7-уі құрастыру өндірісі қызметінің кемшілігімен байланысты болған. Ал 2 жағдай көліктердің құстармен соқтығысуына байланысты, сондай-ақ 3 оқиға адам факторларымен байланысты болған. «Әуе қозғалысы барысында адам факторлары салдарынан орын алатын жайсыз жағдайлардың саны 40 пайызға кеміді деп айтып жүргенімізбен, биылғы жылы ұшақтардың жағдайына байланысты жүргізілген прокурорлық тексерулер әуе көліктерінің қауіпсіздігі талапқа сай еместігін көрсетіп отыр», деді бөлім прокуроры.

Оның айтуынша, елімізде әуе компанияларының қажетті құрал-саймандарды Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің рұқсатынсыз алу жағдайлары жиі кездеседі. Әуе компаниялары тіпті Азаматтық авиация комитетінің рұқсатынсыз әуе көліктерін де алып келу жағдайлары болған. Сондай-ақ тексерулер барысында әуе компанияларының техникалық жөндеу жұмыстарын да арнайы рұқсатсыз жүргізгендігі анықталған. Ол аз болса, еліміздегі кейбір ұшақтар адам санын да белгіленген мөлшерден көп алып ұшатын көрінеді.