Еліміздегі аумақтардың денінде циклонның әсері сезілмек - Қазгидромет
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында 14-18 сәуір аралығында жауын түсіп, түнде сынап бағанасы плюс 2-3 градустан минус 5-10 градусқа төмендемек.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлайды.
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе өңірлерінде 14-17 сәуір аралығында қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 0-5 градус жылыдан минус 0-5 градусқа төмендейді.
Қарағанды облысында 15-18 сәуірде жауын-шашын болады. Түнде ауа температурасы 2-7 жылыдан 3-8 градус суыққа дейін төмендемек.
Метеорологиялық болжамға сәйкес, еліміздің басым аумақтарында циклонның және оған байланысты атмосфералық фронттың әсері сезіліп, жаңбыр жауады, жел күшейіп, солтүстік пен солтүстік-батыста тұман түседі. Тек шығыста және оңтүстік-шығыста күн жауын-шашынсыз.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, күндіз Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетіп, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында тұман түседі. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан аймақтарында кей жерлерде найғазай ойнап, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деп болжанып отыр. Алматы облысының Жалаңашкөл аумағында желдің жылдамдығы 15-20 метрге жетеді. Ақтөбе облысында түнде және таңертең тұман түседі.
Гидрологиялық болжамға жүгінсек, Жайық өзенінде, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарындағы өзендерде (Есіл, Жабай, Тобыл, Аят, Желқуар, Обаған және т.б.) алдағы 3 тәулікте көктемгі су тасқыны жалғасып, судың көлемі артады. Атбасар қаласындағы Жабай өзенінде судың көлемі шамадан тыс асып, төмен жерлерде орналасқан учаскелерді су басуы ықтимал.
Ауа райы жылып, қар күрт ери бастап, Шығыс Қазақстан облысындағы өзендерде жауын-шашын күтілетіндіктен, ағынды сулар қауіпті деңгейден асып, су тасқыны орын алуы мүмкін. Ертіс өзенінде Шүлбі су қоймасынан төменірек жерде су деңгейі көтерілсе, одан төменірек Семиярда мұз ойылып, кептелістер орын алуы ықтимал. Алматы облысында күн жылып, жауын түсетіндіктен төмен тау аймақтарында орналасқан өзендердің денінде судың мөлшері артып, кейбір өзендерде ағынды тасқын қалыптасуы мүмкін.
Сейсмологиялық болжам: 2013 жылдың 11-17 сәуір күндері аралығында Алматы полигоны аумағында MSK-64 шкаласы бойынша жер сілкіністері болмайды деп күтілуде.