Еліміздегі ауыл шаруашылығы коопертивтерінің саны үш мыңға ғана жуықтайды - А.Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі ауыл шаруашылығы коопертивтерінің саны үш мыңға ғана жуықтайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында мәлім етті. Айта кетейік, жалпы отырыста «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, еліміздегі агроөнеркәсіп кешеніндегі проблемалардың бірі өндірістің ұсақ тауарлық сипатында болуы. «Бұл ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлеміндегі шағын шаруашылық жүргізу нысандарының жоғары үлесімен расталады. Статистикалық мәліметтер бойынша, былтыр жалпы ауыл шаруашылық өнімінің 45,7 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда, 31 пайызы шаруа және фермерлер қожалықтары үлесіне, 23 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі болып отыр. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кооперативке белсенді түрде бірікпей отыр, бұған бірқатар себептер бар», - дейді министр. Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша республикамызда бар-жоғы үш мыңға жуық қана кооператив бар. Осыған байланысты ведомство басшысы министрліктің талдауы барысында кооперацияның дамуын тежейтін бірқатар кедергілерді анықтаған. «Бірінші - бұл коммерциялық емес ұйым түрінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінде табысты бөлу мүмкіндігі жоқ. Екіншісі, шектен тыс нормативтік-құқықтық реттеу. Үшіншісі, су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері және ауыл шаруашылығы серіктестері үшін арнаулы салық режімі бар заңдағы жеңілдіктерді пайдалану мүмкін емес. Төртіншісі, кооперативтер қызметінің айқын еместігі, бір-біріне сенімсіздік, кооператив мүшелерінің алдау қаупі сияқты жағдайларды тудыруы мүмкін. Бесінші, ішкі рәсімдердің шектен тыс реттелуі. Алтыншы себеп, бұл - заңды тұлғалардың өндірістік кооперативтерге қазіргі жағдайда қатысуы мүмкін еместігі», - деді министр. Осы олқылықтарды жою мақсатында «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң жобасы әзірленген. Онда жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар жаңалықтар қамтылып отыр. Бірінші, бұл - ауыл шаруашылығы кооперативі мәртебесін коммерциялық емес разрядтан коммерциялық разрядқа ауыстыру. Екіншіден, ауыл шаруашылығы кооперативінде пайданы бөлу мүмкіндігі. «Үшінші, кооперативтердің ревизиялық одақтарға мүшелікке өту мүмкіндігі. Төртінші, кооперативтердің жыл сайынғы ішкі аудитын жүргізу мүмкіндігі. Бесінші, демократиялық қағдидатты сақтау, бұл - бір қатысушы, бір дауыс принципінің енгізілуі. Алтыншы, өз қатысушыларына тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өзіндік құны бойынша өткізу қағидатын енгізу. Жетінші, өзара қарым-қатынасты реттеуде диспозивті нормаларды қолдануды шектен тыс нақтылауды алып тастау», - дейді министр Асылжан Мамытбеков. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.