Еліміздегі автовокзалдардың 35 пайызы, автостансалардың 52 пайызы талапқа сай емес - А.Жұмағалиев

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда еліміздегі автовокзалдардың үштен бірі немесе 35 пайызы, ал автостансалардың 52 пайызы талапқа сай келмейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

Еліміздегі автовокзалдардың 35 пайызы, автостансалардың 52 пайызы талапқа сай емес - А.Жұмағалиев

Министр сөз арасында еліміздегі вокзал маңдарында автобустарды жөнелтетін кездейсоқ орындардың пайда болғанына да назар аударып, такси инфрақұрылымының дамуын да нашар екенін алға тартты. «Мұны жақсарту мақсатында автовокзалдар, автостансалар және тасымалдаушылар үшін бірыңғай стандарттар енгізу ұсынылды. Ал жолаушыларға қолайлы болу үшін электронды билет сатуды көздейтін форма қарастырылған. Автостансалар жоқ елді мекенге жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту көзделеді», - деді министр А.Жұмағалиев.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Құжатта автомобиль көлігі саласы бойынша жолаушыларға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында ұлттық стандарттардың талаптарын сақтауға міндеттейтін нормалар енгізу қарастырылған.