15:31, 19 Шілде 2022 | GMT +5
Еліміздегі балабақшалардың жартысына жуығы жекеменшік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 11 мыңнан астам балабақша бар. Оның 5 мыңы жекеменшік ұйымдар. Мұндай деректерді онлайн-брифинг аясында Мектепке дейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде 11 мыңнан астам балабақша бар. Оның ішінде 6 мыңы мемлекеттік, 5 мыңы жекеменшік ұйымдар. Ел бойынша мектепке дейінге білім беру орындарында 1 млн-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшаларда 100 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары білімі бары 65 мыңнан асады. Ал техникалық және орта кәсіптік білімі бар тәрбиеші 30 мыңнан көп. Биыл оқуын аяқтап, балабақшаға педагог болып келемін деп отырған 8,5 мыңға жуық жастар бар», - деді Гүлмира Кәрімова.
Сондай-ақ, брифинг барысында комитет төрағасы балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілетінін айтты. Жаңа жүйе арқылы ата-аналар бүлдіршінін беруге ниетті мектепке дейінгі ұйымды таңдауға, оның бюджетін қадағалауға мүмкіндік алады.