Еліміздегі балық шаруашылығының қызметкерлері Үкімет бекіткен заңды белден басып отыр - қаржы полициясы
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсыкүрес агенттігінің қызметкерлері Атырау облысына қарасты «Жайық-Каспий» облысаралық бассейні инспекциясының лауазымды тұлғалары жасаған заң бұзу әрекеттерінің көптеген фактілерін анықтады.
Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте аталмыш агенттіктің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәліметті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол келтірген деректерге қарағанда, 2007 жылы Үкіметтің нормативтік құқықтық актілерін бұза отырып, облысаралық бассейін инспекциясының лауазымды тұлғалары жануарлар әлемін пайдаланушылардың 9-на көксерке балығын 2 мың 182 тонна көлемінде, яғни белгіленген шектен 464 тоннаға артық аулауға рұқсат берген. Оның үстіне балықшылар балықтың әрбір келісіне заң бойынша 327 теңге төленуі қажеттігіне қарамастан лауазым иелері олардан келісіне небәрі 20 теңгеден ғана алған. «Бұған қоса «Жайық-Каспий» бассейнінде балық аулауға рұқсат 2009 жылдың қаңтар айының 30-ынан бастап, яғни Үкімет белгілеген мерзімнен екі ай бұрын берілген. Нәтижесінде 36 рұқсат қағазы заңсыз болып шықты. Ал бұл құжаттар бойынша екі айдың көлемінде 571 мың 435 келі балық ауланып, мемлекет бюджетіне 228,5 миллион теңге шығын келді», деді ресми өкіл.