Еліміздегі барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары тексеруден өтеді
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары тексеруден өтеді.
Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы осылай деді.
«Бүгінгі күні елімізде 101 мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызмет етіп келеді. 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында осы орталықтарды аккредитациялау шарасы көзделеді. Сонымен қатар, орталықтардың әдістемелік деңгейін, оқулықтарының, оқытушылардың сапасын тексеру де қарастырылған. Бұл бағытта мүдделі мемлекеттік органдарды, оның ішінде Бас прокуратура, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілін, жоғары білікті мамандарды, қоғамдық ұйымдар өкілдерін қатыстыра отырып, арнайы комиссия құрдық. Аталған комиссия республикамыздың өңірлеріндегі барлық орталықтарға барып, оларды тексеруден өткізеді», - деді Ш. Құрманбайұлы.
Оның айтуынша, орталықтарды аккредитациялау барысында оларға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жүйелі, орынды шаралар атқарып жатқандар бойынша үлгі ретінде ұсынымдар жасалады. Ал сапасы сын көтермейтін орталықтарды жабу немесе біріктіруге дейінгі шаралар қабылданады. «Бұған дейін, әрине, мұндай тексерістер болып тұратын. Алайда, соңғы екі-үш жылда бұндай орталықтардың саны күрт өсіп отыр. Соның ішінде жекеменшік жабылған ұйымдар да болды», - деді комитет төрағасы.