Еліміздегі бензин тапшылығы жауапты органдардың олақтығынан туындады - Елбасы

«Аталған жағдайдың салдары ауыр болған жоқ. Бұл - жауапты органдардың толықтай олақтығы мен қателігі. Біз жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарын тоқтатып, жөндейміз. Бұл ретте неліктен дәл сол уақытқа сәйкес келгендігін анықтау қажет. Ылғи да алдын ала дайындалып, мамырда шешім қабылдап, қор жинақталатын. Бұл жұмыстар жасалған жоқ. Бары сол. Соңынан бәрі қалпына келтірілді», - деді Мемлекет басшысы отандық телеарналардан көрсетілген сұхбат барысында.
Елбасының айтуынша, Қазақстанда өзінде өндірілетін мұнай өнімдері жетіспейді. Сондықтан жанармайдың жетіспейтін көлемі көрші Ресейден әкелінеді.
«Ендігі уақытта барлық үш мұнай өңдеу зауыты жөнделгеннен кейін Қазақстанды аталған ресурстармен толықтай қамтамасыз етіп, шамамен 1 млн тоннасын экспортқа шығаруға мүмкіндік аламыз. Сондықтан ендігі уақытта мұндай болмауы қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де кезінде көтерілгендігін еске салып өтті.
«Мен тіпті төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін де көтерген едім. Дегенмен, мамандар 2025 жылға дейін бізге үш зауыт та жеткілікті болатындығын айтты», - деді ҚР Президенті.