Еліміздегі билет құны ең арзан әуе компаниясы жүкті қалай тасымалдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстандағы лоукостер-тасымалдаушы арқылы жүк алып жүрудің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрынғы 20 келіге дейін жүкті тегін тасымалдау ескерілген нормада шын мәнінде тасымалдау қызметі ақылы болды, яғни жолаушыда жүктің бар немесе жоқ болуына қарамастан, билет құнында (4 мың теңгеден жоғары) қамтылып келді. Мысалы, багажсыз саяхаттайтын жолаушы тасымалдау тарифіне қоса багаж шығындарын төлеген.

Бюджеттік әуе компанияны (лоукостерді) іске қосу мақсатында заңнамалық тұрғыда өзгерістер енгізілді, онда әуе көлігінде багаж нормасын тасымалдаушы айқындайтыны ескерілді. Барша әлемде лоукостерлер қызметі тиімді болып саналады, себебі билет құны барынша төмен белгіленді. Алайда тарифті азайту үшін барлық бағыттар бойынша шығындарды қысқарту, сондай-ақ қосымша қызметтерді азайту қажеттігі туындайды. Бұл тұрғыда жүк тасымалдау, бортта тамақтандыру немесе салонда орынды таңдау және басқа да қызметтер бар.

«Отандық лоукостер «Fly Arystan» компаниясын іске қосу билет бағасын төмендету есебінен тұрғындардың әуе көлігіне қолжетімдігін қамтамасыз етуге негізделген. Биылғы 1 мамырда «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағдары бойынша алғашқы әуе сапарын жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы, бастапқы кезеңде 6 бағытты іске қосу ескерілген. Бұл ретте «Алматы-Қарағанды», «Алматы-Тараз», «Алматы-Орал», «Алматы-Павлодар» және «Алматы-Шымкент» рейстері қамтылады. Әуе билеттерін сату шаралары биылғы 29 наурызда басталып кетті. Осы бағыттардағы тарифтер 3 999 теңгеден басталып, 12 999 теңгеге дейін жетеді. 2023 жылға қарай әуе бағдары желісін 54-ке дейін жеткізу қарастырылып отыр», - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, аталған ведомство министрінің әуе көлігінде жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін бекіту жөніндегі 30.04.2015 жылғы бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, жол жүгінсіз тасымалдау құқығы тек қана лоукостер-тасымалдаушы, яғни «FlyArystan» компаниясына беріледі. Сонымен бірге, 5 келіге дейін қол жүгін алып жүруге рұқсат етіледі. Ал 20 келі деңгейіндегі жол жүгі нормасы басқа әуе компанияларында сақталады.

Соңғы жаңалықтар