Еліміздегі «е-статистика» жүйесі 2013 жылға қарай қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік туғызады
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздегі «е-статистика» жүйесі 2013 жылға қарай қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік туғызады.
Бұл туралы бүгін Қазақстанның мемлекеттік статистикасының 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев айтты.
«Қазіргі кезде «е-үкімет» ақпараттық жүйесін іске асыру аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ықпалдасуы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Үкімет барлық бағыттарға қолдау жасап, агенттік сұраған қажетті қаржыны бөлді. Бұл тұрғыдағы мәселе, яғни техникалық экономикалық негіздемені даярлауға 15 млн. теңгені, сондай-ақ «е-статистика» ықпалдастық жүйесін құру мен дамытуға 34 млн. теңгені игеруге қатысты болып отыр»,- деді Е. Орынбаев.
«Менің пайымдауымша, 2013 жылға қарай осыны жүзеге асыру қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар талабына сай келетін ақпараттық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді»,- деді Үкімет басшысының орынбасары.
Е. Орынбаев агенттік статистикалық көрсеткіштер жүйесін халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіріп, әдістемелік негізді құрып және оны жетілдіруге, сондай-ақ сапалы мәліметтер мен деректерді беруге қол жеткізгенін айтып өтті.