Еліміздегі ет экспорты әлеуетін дамыту бағдарламасына алдағы 5 жылда 130 млрд. теңге жұмсау көзделуде
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі ет экспорты әлеуетін дамыту бағдарламасына алдағы 5 жылда 130 млрд. теңге жұмсау көзделуде.
Бұл туралы бүгін «ҚазАгроӨнім» Акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында аталмыш компанияның басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Ахметжанова мәлім етті.
«Бұл ретте тоқтала кететін жайт, аталған сома бұл субсидия емес, несиелік қайтарымы қарастырылған қаражат. Яғни, қаражаттың басым бөлігі жалпы негіздегі кепілдіктер бойынша беріледі», - дейді А. Ахметжанова. Оның айтуынша, аталған қаражат бағытында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша фермерлік шаруашылықтарды дамыту мақсатында қаржыландыру шаралары жүзеге асады. Оның ішінде асыл тұқымды мал басын шетелден әкелу, сондай-ақ жемшөп өндірісін дамыту мақсатындағы шығындар да қарастырылып отыр. Жалпы, мамандардың пікірінше, қазіргі таңда Қазақстан үшін ет экспорты әлеуетін ұлғайтудың көптеген мүмкіндіктері қалыптасып отыр. Атап айтқанда, қолайлы нарықтық конъюктура, табиғи-климаттық жағдай мен мал жайылымы, көрші елдерге экспорттау сыйымдылығы секілді бәсекеге қабілеттіліктің артықшылықтары сақталуда. «Сондықтан да, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту аграрлық бизнестің әртараптануына да септігін тигізетін болады», - дейді А. Ахметжанова.