Еліміздегі этникааралық ахуалды қазақстандықтардың 94,9 пайызы оң бағалап отыр - ҚХА
АСТАНА. ҚазАқпарат - Этникааралық саладағы мемлекеттік саясатты еліміз азаматтарының 95,7 пайызы қолдап отыр. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов мәлім етті.
Cессия «Қазақстандық отансүйгіштік контексіндегі Астана феномені: көпұлтты және көпконфессиялық қоғамның табысы» тақырыбында өтіп жатыр.
«Бүгінде еліміздегі этникааралық ахуалды қазақстандықтардың 94,9 пайызы оң бағалап отыр. 94,5 пайызы өзін Қазақстанның біртұтас халқының өкілі деп сезінеді. Этникааралық саладағы мемлекеттік саясатты еліміз азаматтарының 95,7 пайызы қолдап отыр», - деді ол.
Е. Тоғжановтың сөзіне қарағанда, өзге этностардың өкілдеріне қатысты толеранттылық деңгейі 83,7 пайызды құрады.
Әлеуметтік сауалнама мәліметтері бойынша, еліміз азаматтарының 89,5 пайызы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан халқының мүддесіне жұмыс істеп жүргеніне сенімді.
«Бұл жай ғана сандар емес. Осы бағытта күнделікті ауқымды жұмыстар жасалуда және еліміздің әр азаматының түсіністігін көрсетіп отыр. Бұл Мемлекет басшысы саясатының салмақты нәтижесі»,-деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы ҚХА үш миллион адамды қамти отырып, он мыңнан астам шара өткізді.