Еліміздегі инфляция деңгейі жыл басынан бері 2,4 пайызды құрады - Ұлттық банк
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері инфляция деңгейі 2,4 пайызды құрады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылау барысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов осылай мәлім етті.
«2011 жылдың бірінші тоқсанында инфляция үдерісінің күшеюіне қарамастан жалпы жылдық инфляция деңгейі 7,4 пайыз шамасында тұрақтады. Бұл Ұлттық банктің белгіленген дәлізіне толық сәйкес келіп отыр. Сонымен қатар, инфляция деңгейінің төмендеу көрсеткіші биыл да байқалады», - дейді Бисенғали Тәжіяқов. Оның айтуынша, 2012 жылдың мамыр айында инфляция 5 пайызды құраса, былтырғы жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 7,4 пайызды құраған еді.
«Ал жылдың басынан бері инфляция көрсеткіші 2,4 пайызды құрап отыр. Осындай жағдайға орай қайта қаржыландырудың ресми ставкасы соңғы бес айда үш рет төмендеді», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.