Еліміздегі ірі қара мал басының өнімдік көрсеткіші өте төмен болып отыр
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі ірі қара мал басының өнімдік көрсеткіші өте төмен деңгейде болып отыр. Бұл туралы бүгін «ҚазАгроӨнім» Акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында аталмыш компанияның басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Ахметжанова мәлім етті.
«Бүгінгі күні Елбасының Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы саласында тауарлы мал шаруашылығын дамыту ең өзекті мәселе болып табылады. Оның ішінде отандық, өзіміздің асыл тұқымды мал басын арттыруға көбірек көңіл бөлінеді. Өкінішке қарай, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде ірі қараның етті бағыттағы мал басы жалпы ірі қара санының 2 пайызын ғана құрайды. Ал әлемдік ет өндіруші мемлекет болып табылатын АҚШ, Канада, Австралия секілді елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызды құрайды. Дәл осындай пайыздық үлесте мал шаруашылығының тиімділігі артады», - деді «ҚазАгроӨнім» АҚ Басқарма бастығының орынбасары Айгүл Ахметжанова. Оның айтуынша, Қазақстандағы ірі қараның негізгі бөлігі сүтті бағытты құрайды. Әйтсе де, бұл бағыттағы өнімділіктің де көрсеткіші төмендеп кеткен. Мәселен, Қазақстанда бір ірі қарадан алынатын сүт шамамен жылына 2,5 мың литрді ғана құрап отыр. «Әрине, бұл өте төмен көрсеткіш, бұндай жағдайда ірі қараны сүтті малға жатқызуға келмейді. Алайда, ондай малды етті бағытқа жатқызуға да болмайды. Өйткені, ресми статистикалық мәлімет бойынша еліміздегі бір сиырдың сойылғандағы салмағы 156 келіні ғана құрайды. Бұл ет өндіруші елдер арасындағы ең төмен көрсеткіш», - дейді А. Ахметжанова.