Еліміздегі қазақ тілді алғашқы спорт сайтына бір жыл толды
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Былтыр 19 қараша күні ашылған «Аламан» ұлттық электронды басылымы еліміздегі алғашқы қазақ тілді электронды спорт порталы болып табылады.
Ертең 1 жылдығын атап өткелі отырған сайт (www.alaman.kz) қазақстандық ең үздік 5 спорттық сайттардың қатарында саналады. Бір жылда еліміздің БАҚ-тары арасында өз беделін қалыптастырып үлгерген «Аламанның» бүгінде 7 облыспен бірге, Алматы және Астана қалаларында меншікті тілшілері бар. Сайт иелерінің мәліметтері бойынша, «Аламанды» бір күнде 700 астам оқырман қарайды. Ал Ванкувердегі қысқы Олимпиада кезінде сайтқа бір мезгілде 4 мыңнан астам оқырманның енуі тіркелген.
Жалпы, 1 жылдың ішінде 1 миллион 648 мың оқырман сайтқа кірген. «Аламан» әлемдік ірі сындардан өз оқырмандарына онлайн көрсетілімдерді жиі ұсынып келеді. Мәселен, футболдан Қазақстан чемпионатының ойындары мен ауыр атлетикадан Түркияда өткен әлем біріншілігінен тікелей таза қазақ тілінде онлайн көрсетілім ұсынды. Бұл бұрын-соңды қазақ спорт журналистикасында болмаған жайт.
Қазір «Аламан» елімізде өтетін VII қысқы Азия ойындарына дайындалуда. «Біз алдағы Азиада кезінде спорттық сындардан тек ақпарат таратып қана қоймай, қазақ тілінде тікелей онлайн көрсетілімдер жасауды жоспарлап отырмыз. Және бір мақтанышымыз, «Аламанның» тек Қазақстанда ғана емес, Қытай, Ресей, АҚШ, Англия, Швеция, Испания, Катар, Польша, Норвегия, Корея, Австралия елдерінде де тұрақты оқырмандарымыз бар», -дейді сайттың бас редакторы Рауан Оқас.