Еліміздегі коммуналдық инфрақұрылым нысандарының тозу деңгейі орта есеппен 70 пайызды құрайды

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстандағы коммуналдық инфрақұрылым нысандарының тозу деңгейі орта есеппен 70 пайызды құрайды.

Еліміздегі коммуналдық инфрақұрылым нысандарының тозу деңгейі орта есеппен 70 пайызды құрайды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік төрағасының айтуынша, инфрақұрылым ішіндегі ең тозығы жеткен тазарту құрылғыларының деңгейі 74 пайыз болса, жылыту желілері 73 пайызды құрап отыр. «Инженерлік желілердің тозығы жеткендіктен ресурстық мол шығындар да орын алуда. Атап айтқанда, жылу энергиясының шығындары орташа есеппен 35 пайызға дейін жетсе, сумен қамтамасыз ету шығандары 32 пайыздан астам болуда. Сондықтан да, алдағы уақыттағы біздің жұмысымыз, ең алдымен инженерлік желілер мен құрылғылардың техникалық жай-күйін жақсартуға, сондай-ақ энергияны және ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізуді қамтуға бағытталмақ», деді С. Нокин.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселе бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Бұл тұжырымдама бойынша тұрғын үй-қоммуналдық саланы дамытуға алдағы 5 жылдың ішінде 300 млрд. теңге бөлінеді. Бұның ішінде 200 млрд. теңге республикалық бюджеттен қарастырылып отыр. Бөлінген қаражаттың негізгісі инженерлік желілерді салуға және жөндеуге жұмсалатын болады.