Еліміздегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 28 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 28 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» парламенттік фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Еске салайық, жиында еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту барысы талқыланған болатын.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының бірінші кезеңінде 2015 жылға дейін мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу көзделеді: кондоминимум нысандарының үлесін 32-ден 22 пайызға азайту; 24 400 шақырым желілерді жаңғырту; әрбір өңірде коммуналдық қызмет сапасымен қанағаттандыратын тұтынушылар саны 50 пайыздан кем болмауы керек», - дейді Қ. Өскенбаев.
Оның айтуына қарағанда, бағдарлама екі бағытты қамтиды: тұрғын үй және коммуналдық сектор.
«Жалпы елімізде 105 122 көппәтерлі тұрғын үй бар. Ал оның күрделі жөндеуді талап ететіні 29 751 үйді немесе 28 пайызды құрайды. Ал апатты жағдайда тұрған бұзуға жататын үйлер - 3 807 немесе 3,6 пайызды құраса, 68 пайызының немесе 71 560 үйдің жағдайы тиісті деңгейде», - деді вице-министр.
Тоқтала кететін жайт, апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жөніндегі ілкі жоба аясында Астанада 2013 жылы 20 млрд. теңге қарастырылып, оған жаңадан 23,4 мың пәтер тұрғызылған. 2014 жылы 68,7 мың пәтер қолданысқа беру көзделеді.