Еліміздегі криминогендік ахуал жалпы ушықпағанымен, қылмыстар саны өсіп отыр - Прокуратура
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 7 айында еліміздегі тіркелген қылмыстар деңгейі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 31,2 пайызға өсті. Нақтылап айтқанда, былтырғы тіркелген қылмыстар 160 мың 308 болса, биыл 210 мың 249-ға жетіп отыр. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен брифинг барысында мәлім болды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, еліміздегі қылмыстың өсуі бөтеннің мүлкін ұрлау, аляқтық, бұзақылық сияқты қылмыстардың есебінен орын алған. Өйткені қылмыстардың осы түрлері жалпы тіркелген қылмыстылықтың 75 пайызын құрайды. Ал қылмыстардың құрамындағы аса ауыр қылмыстар үлесі - 0,8 пайызды, ауыр қылмыстар - 10,7 пайызды, ауырлығы орташа қылмыстар 76,0 пайызды, ауыр емес қылмыстар 12,5 пайызды құраған. Бұдан бөлек, қылмыстылықтың өсуі еліміздің барлық өңірлерінде байқалған. Ал ең көбі Астана қаласында және Ақтөбе, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында тіркеліп отыр.
Осы уақыт ішінде аса ауыр қылмыстар 11,6 пайыз және кісі өлтіру 13,7 пайызға төмендеген. Ендеше еліміздегі криминогендік ахуал жалпы алғанда ушыққан жоқ деп айтуға толық негіз бар. Өйткені қылмыстылықтың негізгі көрсеткішін осы қылмыс түрлері құрайды.