Еліміздегі құрт ауруының алдын алу жайы қарастырылды

КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 12-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданындағы «Оқжетпес» шипажайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде «Қазақстан Республикасындағы  туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай және үкіметтік емес ұйымдардың туберкулезге қарсы күрестегі рөлі» талқыланды,

Еліміздегі құрт ауруының алдын алу жайы қарастырылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы 7 өңір үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен 1,6 миллиард теңгеге бағасы қымбат жабдықтар мен рентгендік диагностикалық аппараттар сатып алса, қалған өңірлерде ол 2009-2010 жылдары шешімін таппақ. Сондай-ақ 2011 жылы 23 жылжымалы рентгендік диагностикалық кешен сатып алу жоспарланған. Кадр тапшылығын шешу мақсатында медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу 190 пайызға, дертке шалдыққандармен жұмыс істейтін бірқатар медицина қызметкерлеріне базалық қызметақы 220 пайызға ұлғайтылды.

Әкімдіктер құрт ауруына шалдыққан 19 721 сырқатқа 109 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсеткен. Қосымша 717 орындық санаторий үлгісіндегі 20 мектепке дейінге мекеме ашылды. Сонымен қатар басқосуда емдеу мекемелерінде 1,7 миллиард теңгеге күрделі, 106 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі атап көрсетілді.