15:29, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еліміздегі мәдениет ошақтарының жұмысы сандық технологияларға көшеді ? М. Құл-Мұхаммед
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақстандағы мәдениет ошақтары сандық технологиялармен жұмыс істейтін болады.

Бұл жайында бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында болған кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сондай-ақ ол еліміздің жетекші театрларының жұмысын жандандыруға қатысты атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. «Қазірде көптеген театр ғимараттары өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Сол уақыттардан бері олар жөндеу көрмеген. Осыған орай Елбасының тапсырмасы бойынша мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген болатын. Бұл іс қазірде қарқынды жүруде. Екінші мәселе, шығармашылық ұжымдарды заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыру, дыбыс жазу студияларын ашу секілді шаруалар болып отыр. Осыған орай бірқатар іс-шаралар да бастап қолға алынды. Тағы бір айтып өтер жайт, қазіргі заманғы сандық технологияларды мәдениет мекемелерінің іс-қызметтеріне енгізу қажет. Соның ішінде, кітапханалар қорын сандық жүйеге көшіру, жаңа компьютерлік бағдарламалар жасау, мұражай саласына осы технологияны әкелу секілді жұмыстар жүзеге аспақ. Ал театр саласындағы басты жаңалық ? бұл репертуардың жаңаруы. Алдағы уақытта, тек әлемдік классикамен ғана шектеліп қалмай, жаңа туындыларды да сахнаға шығару керек. Бұл орайда, республикадағы жетекші театрлардың көркемдік жетекшілерінен тұратын арнайы комиссия құрылып, үздік шығармалар таңдалынып алынатын болады», деді М. Құл-Мұхаммед.