Еліміздегі мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер санын арттыру қажет - «Мал өнімдері» корпорациясының Басқарма басшысы
Ал еліміздің бұл бағыттағы әлеуетін арттыру үшін бұлардың санын да едәуір өсіру керек. Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің депутаттарымен кездесуі барысында «Мал өнімдері» корпорациясының Басқарма басшысы Александр Селюлев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма төрағасының айтуынша, мал шаруашылығы саласы бойынша етті малды дамыту бағыттарында бірқатар проблемалар қордаланып отыр.
«Қазіргі таңда мүйізді ірі қара малдың 80 пайызынан астамы жеке шаруашылықтарда. Сонымен бірге, малды есепке алудың бірегей теңдестірілген жүйесі әлі де қолданылмайды. Бұдан бөлек, асыл тұқымды мал басының үлесі, генетикалық әлеуетті деңгейі де төмен. Соның салдарынан еліміздегі ет өнімділігінің деңгейі құлдыраған. Мәселен, мал союдан шығатын тұтастай еттің салмағы 130 келіден, аракідік 150 келіден асады. Бұл әлемдік деңгей бойынша ең төменгі көрсеткіш болып отыр», деді А. Селюлев.
Осы ретте Басқарма төрағасы етті мал шаруашылығындағы проблемалардың бірқатары жем-жөп әзірлеу саласына да қатысты екендігін жеткізді. Мәселен, соңғы жылдары етті мал шаруашылығындағы орын алған проблемалардың салдарынан жем-шөп әзірлеу барысы да назардан тыс қалған.
«Қазақстан фермерлер одағының есебі бойынша бүгінгі күні елімізде мал шаруашылығымен айналысатын 16 мыңға тарта фермер ғана бар екен. Әрине, кең байтақ Қазақстанның аумағында бұл саладағы қожалықтар саны бұдан әлдеқайда көп болуы тиіс. Сондықтан да, мал шаруашылығына қызығушылықты арттыру, мемлекеттік қолдау аса қажет. Мысал ретінде айтатын болсақ, АҚШ-та 900 мың фермер болса, олар бордақылауға жыл сайын 20-25 млн. ірі қара мал өткізіп отырады», деді Басқарма басшысы.