Еліміздегі минералды шикізат базасын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізу керек - Ә.Исекешов
ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың айтуынша, бүгінгі Қазақстанның геология жүйесінде шешімін күткен мәселелер жетерлік. Бұл туралы министр бүгін геология саласын дамытуға қатысты өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеде барлық бағыттар бойынша тиісті шешім қабылдау қажет және бұл шешімдер геология саласын бүгінгі дағдарыстан шығаратындай болғаны жөн. «Бүгінде бұл проблемалар негізінен минералды шикізат базасының жағдайымен, геология саласының инфрақұрылымымен, геология саласын реттейтін заңнамалармен байланысты. Сондай-ақ кадр мәселесі де осы салада біршама қиындықтар тудырып отырған жайы бар»,-деді министр.
Оның айтуынша, еліміздегі қатты, пайдалы қазбалардың 80 пайызы жер қойнауын пайдаланушыларға берілді. Сонымен қатар гелология саласы бойынша осы уақытқа дейін сақталып келген қордың басым бөлігі нарық жағдайында бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Нәтижесінде қордың өсу қарқыны бәсеңсіді. «Өкінішке орай, қазір Геология комитетінде осы мәліметтерді тексерудің нормативті-әдістемелік және ұйымдастырушылық процедуралары жасалмаған. Біз жер қойнауын пайдаланушылардан тиісті мәліметтерді алғанымызбен олардың анық-қанығына тексеру жүргізе алмай отырмыз. Осы үрдіс жалғаса беретін болса Қазақстанның шикізат базасы бойынша, алдағы 15-20 жылда күрделі мәселелер туындауы мүмкін»,-деді Ә.Исекешов.
Сондай-ақ оның сөзінше, елімізде минералды-шикізат базасын дамыту бағдарламасы 2003 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және осы құжат аясында геология саласына ондаған миллиард теңге бөлінді. «Соған қарамастан біз жоспарлаған нәтижеге жете алмай отырмыз. Сондықтан бізге қазір геология саласы бойынша елде бар қорларға ревизия жүргізу керек. Сондай-ақ түрлі-түсті металлдар бойынша мәліметтерге екпін сала отырып, ресурстық базаның басым бағыттарын қайта қарау керек. Бұдан соң осы саланың ғалымдарымен, қоғам өкілдерімен келісе отырып, минералды шикізат базасын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізсек деген ойдамыз»,-дейді министр.