Еліміздегі оқушылардың үздік жобалары халық тұтынатын тауарға айналмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дарынды оқушылардың үздік жобалары таяу арада тұрмыстық бұйым немесе өндірістік қажеттілік ретінде қолданысқа енгізілетін болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еліміздегі оқушылардың үздік жобалары халық тұтынатын тауарға айналмақ

2017 жылдың шілде-қазан аралығында ұйымдастырған оқушылар олимпиадасы осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр.  «Қазақстан  2050» жалпыұлттық қозғалысы өткен шілде айынан бастап, қазан айына дейін Қазақстанның барлық аймағындағы мектептерден «Жасыл энергетика», «ІТ», «Модельдеу және робототехника», «Тұрмысқа пайдалы өнертабыстар» тақырыптары бойынша оқушылардың жобаларын қабылдаған. Келіп түскен 200-ге жуық жобаның ішінен сарапшылар тобы 20 жобаны іріктеп алған.

«Бұл 20 жоба енді 2017 жылғы 15 қараша күні  Назарбаев Университетінің кинозалында көпшіліктің қатысуымен қазылар алқасының алдында қорғалатын болады. Үздік деп танылған 10 жобаға арнайы менторлар бекітіліп, жоба әрі қарай дамытылады және оны халық тұтынатын тауарға айналдыру жолдары қарастырылады. Негізгі демеушілікті бекітілген менторлар жасайды. Менторлардың оқушылармен қалай жұмыс атқарып жатқандығын бақылауға да болады», - деп хабарлайды жалпыұлттық қозғалыстың баспасөз қызметінен.

Жеңімпаз оқушыларға оқу гранттары мен бағалы сыйлықтар тапсырылмақ. Айта кетерлігі, Қазақстанда оқушылардың жобаларын өндіріске қосуға арналған олимпиада алғаш рет өтіп отыр. Олимпиадаға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР БҒМ, республикалық «Дарын» орталығы, Назарбаев және Еуразия технологиялық университеті, «Bilim Media Group»  қоры қолдау танытқан.