Еліміздегі онкологиялық диспансерлерде хоспис орталықтары ашылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде республикада паллиативтік көмек көрсету шаралары қолға алынып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұндай көмек көрсететін 8 түрлі ұйым жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметінен.
Оның ішінде 1 дербес паллиативтік көмек орталығы, 3 хоспис, 4 мейіргерлік күтім ауруханасы, сондай-ақ, көпбейінді және арнаулы ауруханалардағы бейінді бөлімшелер қарастырылған. Ал, 2015 жылға қарай онкологиялық диспансерлер базасында паллиативтік көмек көрсететін 10-15 орын ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, осындай медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін үйдегі стационарлар жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Қазір республикадағы емханаларда екінші және үшінші мейіргер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар лауазымдары енгізілуде. Олар күтім көрсету, қызмет көрсететін учаскеде халықпен жұмыс істеу сапаларын арттыруды көздейді.
Паллиативтік көмекті одан әрі дамыту шеңберінде үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, мультидисциплинарлық топтар және ұтқыр бригадалар құрылды, мамандарды арнайы оқыту қолға алынды. Сонымен қатар, паллиативтік көмек көрсетуді реттейтін нормативтік база жасақталды. Паллиативтік көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін және бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін профилактикалық, диагностикалық және тиімділігі дәлелденген емдеу қызметтерін қамтиды.