Еліміздегі риэлторлық қызметті мемлекеттік реттеу қажет - Т. Өмірзақов

Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде тұрғын үйді жалға беру нарығы белсенді дамып келеді. Дегенмен, осы нарықтың едәуір бөлігі «көлеңкелі» болып отыр. Ал мұндай жағдайларды делдарлар, оның ішінде кәсіби емес риэлторлар пайдаланып жатыр.
«Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 2013 жылғы 1 қаңтарда жылжымайтын мүлік операцияларымен айналысатын 15,4 мың заңды тұлғалар тіркелді. Жылжымайтын мүлік операцияларынан түсетін табыстың үлесі жалпы ішкі өнімге 7 пайызды құрап, 2012 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 1,5 трлн. теңгеге жетті. Осындай жағдай бола тұра, Қазақстанда риэлторлық қызмет мемлекет тарапынан еш реттелмейді. Нәтижесінде риэлторлық қызмет нарығының жағдайы туралы дәйекті ақпарат жоқ. Кәсіби емес риэлторлар санының артуы азаматтардың құқықтарын өрескел бұзады», - дейді Т. Өмірзақов.
Оның айтуынша, дамыған елдерде мемлекет риэлторлық қызметті реттеуге белсенді араласып, ең бастысы, азаматтардың құқықтарын қорғауды жолға қоя алады. Мәселен, Германияда, АҚШ-та, Канадада риэлторларға қатысты нақты талаптар қойылған, кейбір елдерде риэлторлық қызмет лицензияланады. Ұлыбританияда, Бельгияда, Испанияда риэлторлық қызметтер нарығын реттеу функциясы өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілген.
«Осыған орай Қазақстанда риэлторлық қызметтің өркениетті дамуын мемлекеттік реттеу қажет», - дейді депутат.