Еліміздегі саны азайып кеткен аң-құстар ерекше қорғалатын аумақтардың санын көбейту арқылы ұлғайтылып жатыр
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еліміздегі «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар ерекше қорғалатын аумақтар арқылы көбейтіліп жатыр. Бұл жайлы бүгін Алматыда дәстүрі «Саябақтар шеруі» акциясына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазір елімізде ерекше қорғалатын аумақтар көбейген сайын аңдардың саны жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалуда. Мәселен, 1987 жылы «Алтынемел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағына 26 бас құлан әкелінген болатын. Қазір олардың саны 2,5 мыңнан асты. Енді алдымызда оны бүкіл республикаға тарату туралы мақсат қойылып тұр. Екі жыл бұрын осыған байланысты бір тәжірибе Жамбыл облысына жүргізіліп, сол өңірге 33 құлан жібердік. Алдағы уақытта Тарбағатай, Алтай аумағына да құландарды жеткізіп, өсіп-өнсе деп отырмыз», - дейді «Алтынемел» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябақ бас директорының орынбасары Хамит Ахметов. Оның айтуынша, елді мекен тұрғындарының жан-жануарларды қорғауға деген көзқарасы жақсаратын болса, бұл үрдіс жылдам жүрмек.