Еліміздегі сот қызметі реформаға сай дамып келеді - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қаңтар, cенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Еліміздегі сот қызметі реформаға сай дамып келеді - баспасөзге шолу

***

Кеше Жоғарғы Сотта жоғары сот органы судьяларының өткен жылы сот төрелігін атқарудың қорытындысы бойынша «Заң үстемдігін қамтамасыз ету соттардың басты міндеті» тақырыбы аясында алқа мәжілісі өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: Еліміздегі сот қызметі реформаға сай дамып келеді» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, алқалы жиынды ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңін іске асыру басталғанын атап өтті. «Осы кезге дейін 59 заң күшіне енді, олар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны құрайды. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне көшу бес институттық реформамен айқындалады. Барлық бес институттық реформаның табысты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей тәуелді», деген Қайрат Әбдіразақұлы бұл міндет кеңейтілген қорытынды мәжілістің басты тақырыбына айналып отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, көрсеткіштер соттардың өткен жылғы сот төрелігін іске асыру бойынша сапалы жұмысын куәландырған: 2015 жылы соттар істерді 2,5 пайызға артық аяқтаған, сот актілерінің абсолюттік көпшілігі заңды әрі негізді деп танылған. Ал жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың жағдайларында соттарға түскен барлық қылмыстық істердің үш бөлігінен астамы қылмыстық теріс қылықтарды құраған. Әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталып, 1 423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Кінәні мойындау туралы мәмілелер бойынша да белгілі практика қалыптаса бастаған. Мұны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс түсуінен де аңғаруға болады екен.

Мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс сайлауына қоғам тарабынан қолдау қуатты. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдары бетінде есімдері елімізге танымал азаматтардың пікірлерінің дүркін-дүркін жарияланып жатуы да соның айғағы болса керек. Мәселен, бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың пікірі жарияланды. Ол Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды қайта сайлау дер кезіндегі қолға алынған іс шара екендігін баса айтқан. «Қазақстанның экономикасын дамытуда, Қазақстан халқын әрі қарай өркендетуде мұның рөлі зор. Қазіргі дүниежүзілік дағдарыс орын алған кезеңде әр мемлекет тез арада әрі дер кезінде өзінің етек-жеңін жиып алып жатыр. Қазақстан халқының Елбасының айналасына жұдырықтай жұмылуын мен солай түсінемін. Қазақ айтқандай, «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды», - дейді ол. Ал «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов бұл сайлау тәуелсiз елдiң болашағы үшiн жасалатын маңызды қадам деген пікірін білдірді. «Бұл бастама ендігі шешушi кезеңде бiздiң қоғамның әлеуметтiк-экономикалық мәселелерге баса назар аударып, мемлекеттiк стратегиялық бағдарламаларды тиiмдi жүзеге асыруға, жаңа мүмкiндiктерге жол ашады деп сенемiн», - дейді Р.Алшанов.

***

«Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа жаттықтырушысы француздық Эрве Ренар болады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, француздық маман елордаға ұшып келіп, Қазақстан Футбол федерациясының басшылығымен келіссөздер жүргізген. Таяу күндері оны бұған дейін қызметінен кеткен ресейлік бапкер Юрий Красножанның орнына Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушы ретінде таныстырады деп күтілуде.

***

«А денжки-то бабай унес». Дәл осы тақырыппен «Экспресс-К» газетінде жарияланған мақалада алматылықтардың «Оңай» жолақы төлеу электронды билеттерінен ақшаларының жоғалуына орай шағымдана бастағаны баяндалған. Қалалықтардың сөзіне қарағанда, мұрты бұзылмаған электронды картадан тосыннан ақшаның жоқ болу деректері кездесе бастаған. Мұндай жағдайда жолаушылар қалалық жолаушылар көлігін түсіп барар жеріне жаяу жетуге, не болмаса билет жүруге, тіпті болмағанда заңсыз болса да жүргізушіге ақша беруге мәжбүр.

***

Танымал саясаттанушы Досым Сәтбаев Алматыдағы Абай атындағы Опера театрдың музейін құрмақ. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Всегда ГАТОБ» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, опера ғимаратында оның тарихынан сыр шертетін жәдігерлер аз емес. Дегенмен, осы уақытқа дейін театр музейі шағын ғана бөлме болатын. Ендігі уақытта Д.Сәтбаев театрға келетін кез келген азамат бұл жәдігерлерді еркін тамашалауға мүмкіндік алатындай жағдай жасамақ. Қазіргі уақытта жәдігерлер театрдың үшінші қабатына орналастырылуда.