Еліміздегі спорт нысандары тек біздің мақтанышымыз болып қана қоймай, халыққа қызмет етуі тиіс - Т.Жайлауов
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, Азиада - бұлардың барлығы әлемдегі айтулы оқиғалар және олардың барлығы өзге елде емес, Қазақстанда өтті. Бұл біздің бүкілхалықтық жеңісіміз», - деді бүгін «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының капитаны, Азиада чемпионы Талғат Жайлауов.
«Мен спортшы ретінде еліміздің чемпиондары әлемдік додаларда жеңімпаз атанған кезде шын жүректен мақтанамын. Ал спортты жаңа бастаған жастарға тіпті қызығамын. Өйткені оларға арналып елде қаншама спорт құрылыстары салынып, қаншама жағдай жасалып жатыр. Азиадаға арнап салынған спорттық нысандар - еліміз мақтаныш ететін дүниелер. Қысқы Азия ойындары аяқталған тұста еліміздегі спорт нысандары тек біздің мақтанышымыз болып қана қоймай, халыққа қызмет етіп, жастарды тәрбиелеуге ықпалын тигізсе деген ойдамын», - деді құрама капитаны.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде көптеген қалаларда допты хоккейге арналған жаңа стадиондар салынды. «Бұл жетістіктер өзінің нәтижесін көп күттірген жоқ. Бүгінде хоккей спортынан еліміздің жетістігін барлығымыз көріп отырмыз. Ал соңғы жеңісті біз Елбасына арнадық. Біз бүкіл Қазақстанды үлкен команда деп санайтын болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің лидеріміз, біздің капитанымыз», - деді спортшы.