Еліміздегі тұрақтылық үшін дауыс бердім – Жарасбай Сүлейменов

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып дауыс берген қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жарасбай Сүлейменов бұл саяси оқиғаның маңыздылығы жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі тұрақтылық үшін дауыс бердім – Жарасбай Сүлейменов

Жарасбай Сүлейменов Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында орналасқан № 627 сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Оның айтуынша, әр адам конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс бергені жөн.

«Бұл - үлкен саяси оқиға. Оған қатысу керек, азаматтық құқықты пайдалану керек. Конституциялық Заңға сәйкес сайлауға ақыл-есі кем, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар ғана қатыса алмайды. Сол себепті ең басты саяси құқығымызды пайдаланып, азаматтық борышымызды өтейік», - дейді Жарасбай Сүлейменов.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, биылғы сайлаудың ерекшелігі – оған 5 партияның қатысуы. Бұл – еліміздегі демократияның көрінісі.

«Мен дауысымды еліміздегі тұрақтылық сақталуы үшін, Қазақстанды мекендеген ұлттардың ынтымақ-бірлігі үшін, осы 30 жылда атқарылған ұлан-ғайыр істердің әрі қарай жалғасын табуы үшін бердім. Сайлау дегенде ең алдымен көз алдыма ата-анам келеді. Олар еңбек адамдары болды. Сол күні таңсәріден тұрып, бар жақсы киімін киіп, сайлау учаскесіне кететін. Мерекеден кем болмайтын. Музыка ойнап, арнайы жәрмеңке ұйымдастырылатын. Халық бір мәре-сәре болып қалатын. Әке-шешемнің тәрбиесін көрген мен бір рет те сайлаудан қалған емеспін. Бұл жолы да зайыбым екеуіміз бірге барып өз таңдауымызды жасадық», - дейді «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры, белгілі журналист Жарасбай Сүлейменов.