Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемейді - С. Нокин
АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемейді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен онлайн-конференцияда Құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
«2011 жылы 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр»,-деді ведомство басшысы. Осы орайда ол әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Қазақстандағы құрылыс деңгейі жылына 6 млн. шаршы метрден асып отырғанын айтып өтті. «Біз бұл деңгейді дағдарыс жылдарында мемлекеттік қолдаудың есебінен ұстап тұрдық және үлестік түрғын үйлердің құрылысын жалғастырдық»,-деді агенттік басшысы.
С. Нокиннің пайымдауынша, тұрғын үйге деген сұраныс артып келеді. «Егер де қолдау көрсету тұрғысында ешқандай да шара қабылдамасақ, онда 2012 жылға қарай құрылыс деңгейі екі есеге төмендеп, 3,2 млн шаршы метрді құрауы мүмкін»,-деді ол. Осы орайда агенттік басшысы қазіргі кезде атқарылып жатқан шаралардың арқасында еліміздегі құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне жол берілмейтінін қадап айтты.