Еліміздегі университеттерде қызмет етіп жүрген оқытушылардың саны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы университеттерде 36 мыңнан астам оқытушы қызмет етіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі кезде еліміздегі 120 жоғары оқу орнында 36 404 оқытушы еңбек етіп жүр. Оның ішінде магистрлер – 10 456 адам, ғылым кандидаттары – 11 441, PhD докторлары – 3 732, ғылым докторлары – 2 656 адам», - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Ведомство мәліметіне қарағанда, Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында оқытушылардың жалақысын арттыру мәселесін жан-жақты қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының ұсыныстары қаралып, зерттеліп, тиісті шешім қабылданады.
«Оқытушыларды ынталандыру тетіктерінің бірі - «Үздік оқытушы» конкурсы. Аталған конкурс 2005 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жыл сайын конкурстың жеңімпаздары ретінде оқытушылық, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмысында жоғары көрсеткіштері бар оқытушылар танылып келеді. Оларға 2000 АЕК көлемінде сыйақы беріледі», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде профессорлық-оқытушылық құрамға жалақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленеді.
Айта кетейік, «2022 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Қазақстандық 43 ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды.