15:40, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еліміздегі жалғыз қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының республикалық мәртебесі қайтарылып берілуі тиіс ? Н. Өнербай
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі жалғыз қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының республикалық мәртебесі қайтарылып берілуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұрлан Өнербай осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1964 жылы академик А. Жұбановтың бастауымен Алматыда дарынды балаларға арналған республикалық қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернаты ашылған болатын. Ондағы мақсат еліміздің түкпір-түкпірінен таңдалып, жиналған дарынды балалардың білім сапасын жетілдіру және әлемдік музыка өнерімен етене араласуына мүмкіндік жасай отырып, классикалық музыканы қазақ тілінде оқыту болатын. Кейіннен А. Жұбановтың атын иеленген мектеп республикамыздың алыс аймақтарынан келіп оқып жатқан және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына мемлекеттік тілде тегін, сапалы кәсіби білім беретін бірден-бір білім ошағына айналды. Бүгінгі таңда онда еліміздің әр аймағынан келгендер, оралман отбасыларының балалары білім алып жатыр. Бірақ, 2006 жылы аталған мектеп-интернат Алматы қалалық Білім департаментінің қарамағына өтіп, өзінің республикалық мәртебесінен айырылды. Сондықтан да бүгінгі күні бұл білім ошағына Алматы қаласы мен облысынан ғана балалар іріктеліп алынады. Бұдан кейінгі жылдары аталған мектеп өнер мектебі ретінде танылып, қала мектептерінен өзіндік ерекшеліктерімен оқшауланып отыр. Атап айтқанда, мектеп даму стратегиясы мен оқу бағдарламасы бойынша республикадағы мамандандырылған музыка мектептерінің қатарынан еріксіз шеттетілді. Сол себепті мектептің дарынды балаларды оқыту мен республиканың айтулы оркестрлеріне ұлттық кәсіби мамандар даярлаудағы мүмкіндігінен айырылып қалу қаупі туып отыр», деді Н. Өнербай. Депутаттың айтуынша, А. Жұбанов атындағы жалғыз қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының республикалық мәртебесі қайтарылып берілуі тиіс.