Еліміздегі жекелеген судьялардың кәсіптік деңгейі талапқа сай емес - Президент

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздегі жекелеген судьялардың кәсіптік деңгейі талапқа сай емес және олар  мораль, этика сияқты мәселелерді де назардан тыс қалдырған.

Еліміздегі жекелеген судьялардың кәсіптік деңгейі талапқа сай емес - Президент

Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Съезде сот жұмысының бірқатар мәселелерге тоқталған Елбасы, «сот қызметіне қатысты басты проблемалардың бірі  әділ сот шешімдерін қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Атап айтқанда, сот қызметінде шым-шытырық түсініксіз жайттар көп, сондай-ақ онда заңға қарсы әрекеттерге де жол берілетін кездер болады. Тағы бір мәселе, сот өндірісінің қажетті деңгейде жетілмегендігіне қатысты. Қазақстан сотының қаншалықты әділ болатындығы осы өндіріс жұмыстарына байланысты. Сондай-ақ сот шешімдерінің орындалу деңгей мен сапасы да осы саладағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сот органының беделі мен оның қабілеттілігі осы шешімдердің орындалуына байланысты емес пе», деді Президент сот саласы қызметкерлеріне қаратып.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, сот саласындағы  үлкен проблемалардың бірі заңнамалардың жағдайымен байланысты. Қазіргі таңда сот саласындағы үлкен дау тудыратын шарттардың бірі - қолданыстағы заңнамалардағы кемшіліктер. «Көріп отырғандарыңыздай, сот жүйесінде әлі шешілмеген проблемалар жеткілікті. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Азаматтар сот қызметіндегі кемшіліктерге көп шағымданады. Сондықтан бүгінгі жиында осы мәселе бойынша ашық та жүйелі әңгіме қозғалады деген ойдамын. Сіздер осы айтылған кемшіліктердің түзеу жолдарын табады деген үміттемін», деді Президент.