Еліміздегі жекеменшік ЖОО-лардың жай-күйі талқыланады
АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Ертең Алматыда еліміздің Жоғары оқу орындарының қауымдастығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқауы бойынша жекеменшік жоғары оқу орындарының жиналысын өткізеді.
Аталған жиынға Білім және ғылым вице-министрі, профессор М.Орынханов және Қазақстанның 85 жекеменшік оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысады.
Елбасы Н.Назарбаевтың 10 бағыттан тұратын биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауының жетінші бағытында «Оқу үрдісіндегі тәрбие жұмыстарын күшейтуіміз керек» деп атап көрсетілген болатын. Осы бағытта атқарылуы тиіс шаралар аталған жиналыстың күн тәртібіне шығады. Алқалы жиынның негізгі мақсаты - жекеменшік жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысын жүргізу, жетілдіру. Сонымен қатар, отырыста еліміздегі жекеменшік білім беру орындарының жағдайы мен даму жолдары қарастырылады
«Бүгінде елімізде білім беруді дамытудың 2011-2012 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде жекеменшік жоғары оқу орындарына баса назар аударылып отыр», - делінген қауымдастық ақпаратында.