Еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары басшыларының 25 пайызының құрылыс саласында арнайы білімі жоқ
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының төрттен бір бөлігінің құрылыс саласында арнайы білімі жоқ.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қолданыстағы қадағалау және бақылау жүйесінің деңгейі мен сапасын сипаттау үшін бірқатар мысалдар келтірейін. Қазіргі уақытта Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының 25 пайызының құрылыс саласында арнайы білімі жоқ. Тұтастай алғанда бақылаушы органдардағы кадрларды дайындау деңгейінің өте төмендігін атап өту қажет. Мәселен, соңғы жоспарлы аттестаттаудың нәтижесінде жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының 70 қызметкерінің 29-ы немесе 41,1 пайызы аттестациядан өтпей қалды», деді отырыста С. Нокин.
Оның айтуынша, бұдан бір ғана қорытынды шығаруға болады: құрылыстағы қадағалау және бақылау жүйесін реформалау қажет және соның негізінде мамандардың кәсіби деңгейін және олардың жеке жауапкершілігін арттыру керек. «Мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарына қосымша қадағалау және бақылау саласындағы жеке мамандардың институтын құру көзделіп отыр. Бұларға да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қолданылатын сертификаттау қағидаты қолданылатын болады», деді ол.