Еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің 50 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жатыр - Білім министрі

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің 50 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жатыр.

Еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің 50 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жатыр - Білім министрі

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ тілінде білім беретін мектептер желісі еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда үздіксіз өсіп келеді. Мәселен, қазақ мектептерінің саны 1991 жылмен салыстырғанда 906 ұйымға, оның ішінде соңғы он жылда 266 мектепке көбейді. Жалпы, қазіргі кезеңде 5 мың 888 мектеп қазақ тілінде жұмыс істейді, бұл еліміздегі барлық мектептердің 77,7 пайызын құрайтын. Осыған орай, қазақ тілінде оқитын балалар саны 1990-91 жылдан бері қарай есептегенде жарты миллионнан астамға өсіп, бүгінгі күні бұлар барлық мектеп оқушыларының 62 пайызын құрап отыр», деді Ж. Түймебаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазақ балаларының 84,6 пайызы және 28 мың 265 басқа ұлт балалары қазақ тілінде оқытылатын мектептерде білім алуда. Ал кәсіптік лицейлер мен колледждерде 50,4 пайыз қазақ тілінде оқитындарды құрап отыр.

«2001 жылы елімізде жоғары оқу орындары студенттерінің тек 31 пайызы ғана қазақша оқыса, қазіргі күні бұлардың 50 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алуда», деді министр.