Еліміздегі ЖОО жанынан жазғы академиялық мектептер ашылады
«Джон Хопкинс университетінде жылына 10 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары жазғы демалыстарын өткізеді. Жүздеген тақырыптарды зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осы лагерьден өткен жастардың ішінен 37 Нобель лауреаты шыққан. Соңғы жылдары еліміздегі Назарбаев Университеті, ҚБТУ, AlmaU да жазғы мектептер ұйымдастырып жүр. Биыл республикадағы басқа да жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу балаларды демалыспен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді», - деді Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысында.
Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін тиісті жол картасын әзірлеуді жүктеген болатын. Отырыс барысында Премьер-Министр балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы Білім және ғылым министрлігінің бастамаларына қолдау білдірді.