Еліміздегі жылу желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен

АЛМАТЫ. 26 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы 5 жылда Павлодар, Екібастұз, Петропавл қалаларының жылу желілеріндегі тозуды 70-тен 45 пайызға дейін азайтпақ.

Еліміздегі жылу желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен

Бұл бүгін Алматыда «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» (ОАЭК) АҚ-ы мен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жаңарту жөніндегі заем келісіміне қол қою рәсімінде айтылды.

«Қазақстанның жылу желілерінің тозуы қазіргі таңда 80 пайызға жетті. Бұл ахуал барлық кеңестік республикалардың қалаларына тән ахуал. Қазақстанда жылумен қамту саласының инвестициялық тартымдылығы арнайы жаңа заң қабылданғаннан кейін соңғы кезде ғана артып келе жатыр. Оған бұған дейін айтарлықтай инвестиция тартылған жоқ. Сондықтан энергетикалық компаниялар енді ғана жылу желілеріндегі шығынды азайтудың үш, бес жылдық жоспарларын жасай бастады. Біздің басты мақсатымыз жылу желілеріндегі тозуды қалыпты деңгейге түсіру», - дейді «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда республкадағы жылу желілерінің шығыны 30 пайызды құрап отыр. Ал «Павлодарэнерго» АҚ-ның Басқарма төрағасы Анатолий Дуканың сөзіне қарағанда, онда жылу құбырларының 80-85 пайызы тозған. Сондықтан желідегі шығын көлемі де онда біршама жоғары болып отыр. Сол себепті бизнес жоспар бойынша өндірісті қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, биыл №1 қазандықта жаңа турбина іске қосылмақ. 30-жылдан кейін ауыстырылған бұл турбинаның бұрынғыға қарағанда қуаты да жоғары.