Елімізді біріктіріп тұрған үлкен құндылық бар екенін ұмытпауымыз қажет – Роза Рымбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін бас шаһардағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен әнші, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әншінің кеші Республика күніне орайластырылған. Халық әртісінің өнерін тамашалауға 3 мыңға жуық көрермен жиналды. Келушілерге жылы лебізін білдірген Роза Рымбаева ұлттық құндылықтарымызды ұмытпау қажеттігін атап өтті.


«Құрметті көрермен, талғампаз тыңдарман алтын күзде, арқаның төрінде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Осындай әдемі шақта өздеріңізбен жолығуға мүмкіндік жасаған Астана қаласының әкімдігі мен мәдениет басқармасына алғыс айтамын. Біз елімізді біріктіріп тұрған үлкен құндылық бар екенін ұмытпауымыз қажет. Ол – бабаларымыздан аманат болып қалған атамекеніміз. Сондықтан еліміз үшін ең маңызды мереке – Республика күні құтты болсын!», - деп Республика күнімен қазақстандықтарды құттықтады Роза Рымбаева.

Концертте әншінің патриоттық бағыттағы әндері жиі шырқалды. Мерекелік кешті тамашалауға қала қонақтары мен тұрғындарынан өзге, елімзге танымал өнер адамдары келді.
«Мен Роза Қуанышқызымен 1999 жылы алғаш рет танысқанмын. Ол жолы біз бірлескен альбом жазған едік. Тарихтан білетініміздей, аңыз адамдар көбіне өнер жолынан алыстай бастайды. Бірақ Роза Қуанышқызы нағыз маман екенін дәлелдеп келеді. Ол кісі бүгінге дейін өзін дамытудан, жетілдіруден тайған емес.


Сонымен қатар, бүгін айтулы дата – Республика күні, ұлттық мерекеміз. Ол араға жылдар салып, өзінің тарихи орынын тапты. Оған біз қуаныштымыз. Осы мүмкіндікті қолдана отырып, барлық Қазақстан халқын осыдай үлкен мерекемен құттықтағым келеді», - деді танымал қазақстандық әнші Қайрат Баекенов.
Кеште өнер тұлғасы көрермендерге өз репертуарындағы танымал әндерінің жаңаша, заманауи өңделген нұсқаларын ұсынды. Мұнымен қоса, ол концерт барысында осы шараға арнайы жазылған жаңа туындыларын да тарту етті.









