Елімізді тарихи және мәдени қырларынан таныту жағы іскерлік келіссөздер аясынан тыс қалып келеді
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елімізді тарихи және мәдени қырларынан таныту жағы іскерлік келіссөздер аясынан тыс қалып келеді. Бұл жайлы Алматыда өткен «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Шетелдік инвесторлармен қарым-қатынас жасау барысында дүниежүзіне Қазақстанның әлемдік нарыққа минералдық шикізат жеткізуші ретінде танымал екендігі белгілі болды. Алайда елімізді тарихи және мәдени қырларынан таныту жағы іскерлік келіссөздер аясынан тыс қалып келеді. Еуропалық қауымдастықты Қазақстанның мәдени құндылықтарымен таныстыруға біздіңше мемлекеттік деңгейде де, жекеменшік компаниялар деңгейінде де бірдей күш салынуы керек», - дейді «Тау-кен бюросы» ЖШС ғылыми қызметкері Бекзат Жетібаев. Жалпы бұл серіктестік еліміздің мәдени мұрасын Еуразия кеңістігіне шығаруға өзіндік үлесін қосуға атсалысып келеді. Мәселен, түрлі халықаралық симпозиумдар, конференциялар мен семинарларда тау-кен және металлургия тақырыбына қатысты ғылыми баяндамалар жасаумен қатар, мәдени-тарихи мәселелерге байланысты таныстырулар өткізеді. Б. Жетібаевтың пайымдауынша, Қазақстанның мәдени мұрасын еуропалық кеңістікке шығарудың тиімді үлгілерінің бірі - шет елдерде көрмелер мен басқа да мәдени шараларды ұйымдастыру. Бұл мәдени-тарихи мұраларымыз бен заманауи өнерімізді шетел жұртшылығының назарына тікелей ұсынып, таныстыруға мүмкіндік туғызады. Мұндай маңызды шаралар мемлекет қаржысымен ғана емес, жеке компаниялар тарапынан да қаржыландырылуы тиіс. Аталмыш серіктестік биыл наурыз айында Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп Бельгияда Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы халықтық қолданбалы өнерінің көрмесін өткізді. Онда 8 қанат ақ орда тігіліп, текемет, сырмақ, түскиіз, аяққап пен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, былғарыдан тігілген заттар мен ер-тұрман әбзелдері қойылды. Көрмені тамашалауға 1300-ден астам адам келді.