Елімізді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ететін бірқатар жоба жүзеге аспақ
Қазіргі уақытта аталған салада 14 жобаның сәтті жүзеге асырылып жатқандығын айтқан ол «қуаты 18МВт-ты құрайтын Орал газ турбиналы электр стансысы іске қосылды. Толықтай алғанда біз жыл соңына дейін толық көлемде электр береді деп күтіп отырмыз. Ол шамамен 54 МВт-ты құрайды. Сондай-ақ қуаты 3,5МВт-ты құрайтын Қаратал су электр стансысы да іске қосылды», деді.
Оның атап өтуіне қарағанда, қазанның 12-сінде Балқаш жылу электр стансысының құрылысы бойынша Қазақстан мен Солтүстік Корея арасында үкіметаралық келісімге қол қойылған. Қазірдің өзінде Балқаш жылу электр стансысының темір жол, темір жол бекеті, су құбыры сынды инфрақұрылымдарында құрылыс жұмыстары жандану үстінде. Нысан іске қосылғаннан кейін 1320 МВт электр энергиясын беретін болады.
Ал Мойнақ су электр стансысы, Екібастұз ГРЭС-2 үшінші энергоблогы және 500 кВт-тық «Алма» стансысы құрылыстары белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Екібастұз ГРЭС-1-дің №8 блогын, қуаттылығы 325 МВт-тық Ақсу ГРЭС-інің № 2 блогын қалпына келтіру және Шардара су электр стансысын жаңарту жұмыстары жалғасуда.
«Жыл соңына дейін Атырау жылу электр орталығын қосымша 50 МВт-қа кеңейту жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар таяу айларда 2011 жылғы қысқы Азиада нысандарын электр энергиясымен жабдықтайтын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы Ерменсай, Медеу, Шымбұлқақ, ҚазМУ трансформаторлық стансыларының құрылысын аяқтайтын боламыз», деп түйіндеді сөзін вице-министр.